Қосшыңырау округінде кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы дамуда

207

Ai-news.kz. Бүгін Қосшыңырау ауылдық округінің әкімі Сейдуали Әбдіқадыров бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстар туралы баяндап, негізгі бағыттар бойынша есеп берді.

 

Инфрақұрылым және құрылыс жұмыстары

 

Әкімнің айтуынша, округке қарасты Досан елді мекенінде тұрғындарды сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін құрылыс жұмыстары басталған. Сонымен бірге Досан ауылында құны 49,2 миллион теңгені құрайтын жобалар аясында №2, №12 және №7 көшелеріне тас жол төселді.

 

Алдағы уақытта Абай ауылында жаттығу алаңы салынып, ауылдың басты көшелерінің бірі жарықтандырылмақ. Бұл жобалар жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, ауылішілік инфрақұрылымды дамытуға серпін береді.

 

Кәсіпкерлікті қолдау

 

Қазіргі таңда ауылдық округте 371 кәсіпкерлік нысан жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері тағы он екі кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін атап өткен округ әкімі биылғы жартыжылдықта жалпы құны 158 миллион теңгені құрайтын жиырма жоба қаржыландырылғанын жеткізді.

 

Сонымен қатар, 10 тұрғын мемлекеттік қайтарымсыз грант иегері атанып, өз кәсіптерін бастауға мүмкіндік алды. Бұл ауыл ішінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына және шағын бизнестің дамуына оң ықпал етуде.

 

Ауыл шаруашылығы

 

Округтің аграрлық әлеуетіне де ерекше назар аударылды. 2025 жылы ауыл шаруашылығы жерлеріне:

          •         1579 гектарға күріш,

          •         528 гектарға ескі жоңышқа,

          •         120 гектарға жаңа жоңышқа,

          •         131 гектарға бидай егілген.

 

Мал шаруашылығы саласы да қарқынды дамып келеді. Есепті кезеңде округ бойынша мал басы 15 136-ға жетті. Бұл көрсеткіш ауыл шаруашылығын әртараптандырудың және шаруалардың еңбегінің нәтижесі болып отыр.

 

«Біздің міндетіміз – әр ауылға қолайлы жағдай жасау, тұрғындардың әлеуметтік тұрмысын жақсарту. Инфрақұрылымды жетілдірумен қатар, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын дамытуға тұрақты қолдау көрсетеміз», — деді Қосшыңырау ауылдық округінің әкімі Сейдуали Әлайдарұлы.