Қызылордада кадрлық өзгерістер таныстырылды

649

Ai-news.kz.  Кадрлық өзгерістер таныстырылды

Бүгін қала әкімдігінде шаһар басшысы Нұржан Ахатовтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге байланысты арнайы актив жиыны өтті. Жиын барысында жаңадан тағайындалған және қайта сайланған басшылар көпшілікке ресми түрде таныстырылып, олардың еңбек жолдары мен алдағы міндеттері талқыланды.

Алдымен Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі болып қайта сайланған еркін Әбдірайханұлы Ахетов таныстырылды. Белгілі болғандай, биылғы жылдың 31 тамызында аталған округте әкім сайлауы өтіп, нәтижесінде сайлаушылардың басым көпшілігінің сеніміне ие болған еркін ахетов осы лауазымға қайта сайланған еді. Қалалық сайлау комиссиясының төрағасы ғалым баймырзаев жиын барысында округ әкіміне куәлікті салтанатты түрде табыстады. Бұл — жергілікті тұрғындардың сенімін арқалаған басшыға үлкен жауапкершілік жүктейтін қадам.

Кадрлық өзгерістердің бірі ретінде қалалық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің жаңа басшысы Еркен Ертуғанұлы Жантуғанов тағайындалды. Ол 1985 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Жоғары білімді маман, 2011 жылы Қорқыт ата атындағы қызылорда мемлекеттік университетін «дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2003 жылы «Қорқыт ата» әуежайы мекемесінде бастаған. Кейінгі жылдары спорт саласының түрлі құрылымдарында еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтады. Әсіресе 2013-2022 жылдары облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер футбол мектебінде әдіскер, жаттықтырушы және басшылық қызметтер атқарған. 2018-2025 жылдары «Қазақстан әуесқой футбол лигасы» қоғамдық бірлестігінің өңірлік директоры болған. Соңғы айларда жалағаш аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімін басқарды.

Ал осы бөлімді басқарып келген Қайрат Мергентайұлы Есенгелдиев жаңа қызметке ауысуына байланысты лауазымынан босатылды. Ол облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасына қарасты «теннис спорт түрлері бойынша балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің» директоры болып тағайындалды. Қала әкімі Нұржан Ахатов оған саланың дамуына қосқан үлесі үшін ризашылығын білдіріп, Қызылорда қаласының ең жоғары марапаты — «құрмет грамотасын» табыс етті.

Сонымен қатар, жиын барысында тағы бір маңызды тағайындау таныстырылды. ҚР президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясына облыс бойынша 39 үміткердің арасынан 6 адам қабылданған болатын. Солардың қатарында қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дінмұхамед Мұратбекұлы Сырлыбаев та бар. Оның оқуға түсуіне байланысты бос қалған орынға осы бөлімде сектор меңгерушісі қызметін атқарып келген ердәулет бекмұратұлы мүбәрәк тағайындалды.

Ердәулет Мүбәрәк 1996 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. 2019 жылы халықаралық білім беру корпорациясын «сәулет» мамандығы бойынша тәмамдаған. Ол еңбек жолын қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің статисі қызметінен бастап, жылдар бойы осы салада түрлі жауапты лауазымдар атқарды. Қала әкімінің көмекшісі, әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшы орынбасары қызметтерін атқарған жас маман бүгінгі күні кәсіби тұрғыдан шыңдалған, білікті басшылардың қатарына қосылып отыр.

Жиын соңында қала әкімі жаңа лауазымға тағайындалған басшыларға сенім артып, алдағы уақытта атқаратын қызметтерінде табыс тіледі. Сонымен бірге, әрбір басшы халықпен тығыз байланыста болып, тұрғындардың сұранысы мен сенімін ақтауы қажеттігін атап өтті.