Жолдауда айқындалған бағыттар бойынша тапсырмалар жүктелді

304

Ai-news.kz. Бүгін Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбековтың төрағалығымен кезекті мәжіліс отырысы өтті. Басқосуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында айтылған басым бағыттарды жүзеге асыру жайы қаралды.

 

Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат төрағасы, “AMANAT” партиясының аудандық филиалының атқарушы хатшысы, дербес бөлім басшылары, сондай-ақ ауылдық округ әкімдері қатысты.

 

 Президент Жолдауында ел экономикасы мен қоғамды дамытуға арналған 7 негізгі басымдық айқындалған. Олар:

          •         қомақты инвестиция тарту;

          •         өңдеу өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін беру;

          •         ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру;

          •         көлік логистикасын жетілдіру;

          •         экономиканы әртараптандыру;

          •         адам капиталын дамыту;

          •         тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту, сондай-ақ елді цифрлық даму жолына бағыттау.

 

Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков бұл міндеттердің әрқайсысы жергілікті деңгейде де нақты жұмыстарды талап ететінін баса айтты. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласына ерекше көңіл бөлінді. Пайдаланылмай жатқан және заңсыз иемденілген жерлерді анықтап, мемлекет меншігіне қайтарып, оны тиімді игеруге қабілетті азаматтарға қайта бөлу қажеттігі тапсырылды.

 

Сонымен қатар, цифрландыруды ілгерілету, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, білім беру мен денсаулық сақтау саласын жетілдіру бағытында нақты міндеттер айқындалды.

Жиын соңында аудан әкімі барлық бөлім басшылары мен ауыл әкімдеріне Президент Жолдауын халық арасында кеңінен түсіндіріп, нақты іс-шараларға көшуді тапсырды. Әрбір жауапты тұлға белгіленген бағыттар бойынша іс-қимыл жоспарын әзірлеп, орындалуын қамтамасыз етуі тиіс екендігі ескертілді.

 

Жолдау міндеттерін орындау – ауданды дамыту мен халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам екенін аудан басшысы атап өтті.

 

@Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі