Отан алдындағы парыз: Шиеліден күзгі әскерге шақыртулар басталды
Ai-news.kz. Шиелі ауданында «Отан қорғау – азаматтық борышымыз» атты салтанатты шара өтіп, жас сарбаздар әскер қатарына аттанды.
Іс-шара Тағзым алаңында ұйымдастырылып, шараны аудан әкімінің орынбасары Б.Ысмағұлов ашып, сарбаздарға сәттілік тіледі. Шараға аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Қ.Бегманов, құқық қорғау саласының ардагері А.Сармантаев, Тәжік-ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғ.Байжанов, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің Шиелі шекара бөлім бастығының орынбасары, капитан А.Манапов, аудандық мәслихат депутаты Н.Шәлекеева, сондай-ақ БАҚ өкілдері мен ата-аналар қатысты.
Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 33 жыл. Осы жылдар ішінде әскер елдің тәуелсіздігі мен тұтастығының, бейбіт өмірінің басты кепіліне айналды.
2025 жылдың көктемінде Шиелі ауданынан 92 жас әскерге шақырылса, күзгі шақырылымда 96 азаматты әскер қатарына жөнелту жоспарланған. Бүгінгі салтанатты жиында 10 жас сарбаз Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге аттанды.
Ардагерлер жас сарбаздарға батасын беріп, ел қорғау – ең үлкен мәртебе екенін атап өтті. Әскерге шақырылған жастар үшін бұл – ерлік пен отансүйгіштіктің, тәртіп пен жауапкершіліктің мектебі болмақ.
«Біртұтас ел – біртұтас жер» ұранымен өткен шара жас буынға патриоттық рух сыйлап, олардың бойына отансүйгіштік сезімді нығайтты.





