Ai-news.kz. Ұлытау облысында 47 миллион теңге бюджет қаржысын жымқырғаны үшін өңірдегі білім басқармасының бұрынғы басшысы Сапура Төлекова мен бас бухгалтер Жансая Бейсембаева 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұдан бөлек лауазымды тұлғалардың тағы бір заңсыз әрекеті әшкере болды. Ұлытау облысында әкім орынбасарының хатшысы Сусара Қашқынбаеваның бір уақытта үш жерде “жұмыс істегені” белгілі болды.
Қоғам қайраткері Берік Жагипаров әлеуметтік желідегі парақшасында Жезқазған қалалық соты 8 жылға сотталған Сапура Төлекова мен Жансая Бейсембаеваға үкім шығарып қана қоймай, прокуратураға жеке қаулы шығарды. Соттың прокуратураға жеке қаулы шығаруына лауазымды тұлғалардың тағы бір заңсыздық жасауы себеп болды.
“Сусара Арманқызы Қашқынбаева ресми түрде бір мезгілде үш жерде қызметкер ретінде тіркелген: Білім басқармасында – 1 211 104 теңге жалақы мен сыйақы, қосымша 421 266 теңге бонус алған, Жезқазған облыстық көпсалалы ауруханасында – 479 275 теңге есептеліп, іс жүзінде 459 992 теңге аударылған. Ал шын мәнінде ол сол уақытта облыс әкімінің орынбасары Аман Барикеновтің қабылдау бөлмесінде оның хатшысы болып отырған. Яғни, бір қызметкер бір уақытта үш жерден бюджет қаржысын “жымқырып” отырған. Бұл – бухгалтерлік қателік емес, бұл – схема”, – деп жазды Берік Жагипаров.
Сонымен қатар облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ляззат Ранова Сусара Қашқынбаеваның ауруханада жұмыс істемейтінін білген. Бірақ әкім орынбасары Аман Барикеновтің өтінішімен бұл заңсыздыққа көз жұма қараған.
“Соның салдарынан бюджеттің миллиондаған қаражаты жеке тұлғалардың қалтасына кетті. Төлекова мен Бейсембаева сотталды. Ал Барикенов пен Ранова түк болмағандай әлі де өз лауазымында отыр. Қанша “жоқ адамдар” бюджеттің ақшасын иемденіп отыр? Қанша миллион ақша әкімдіктерде талан-таражға салынып жатыр? Сот Ұлытау прокуратурасына облыстық денсаулық сақтау басқармасын тексеріп, кінәлілерді жауапқа тарту туралы нақты тапсырма берді. Енді көрейік, прокурорлардың сенатордың жұбайын жауапқа тартуға батылы жете ме екен”, – деп жазды қоғам белсендісі.
Берік Жагипаровтың бұл жазбасының астына Ұлытау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі Арман Барикеновтың қызметтен кеткенін айтып, жауап берді.
“Жазбада аталған азамат – Аман Сайлаубекұлы Барикенов 2023 жылдың мамыр айынан бастап Ұлытау облысы әкімінің орынбасары қызметін атқармайды. Жарияланымда 2022 жылы, оның қызметте болған кезеңдегі мұрағаттық сурет пайдаланылған. Денсаулық сақтау басқармасы басшылығын жауапкершілікке тарту мәселесі облыстық прокуратура жүргізіп жатқан тексерістің нәтижелері бойынша қаралады. “БАҚ туралы” заңның 4-бабына сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдарының негізгі міндеттері – объективті әрі шынайы ақпаратты жасау және тарату”, – деп жазды ведомство.