Міндеттердің орындалуы – басты назарда

238

Ai-news.kz. Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілістен кейін бірқатар өзекті мәселелер бойынша сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

 

Әкім алдымен сауданың цифрлық трансформациясына тоқталып, электрондық сауданы дамыту бағытындағы міндеттерді атап өтті.

– «Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі 2027 жылға дейінгі электрондық сауда нарығын дамытудың іс-шаралар жоспарын қабылдады. Осыған сәйкес, біз қала көлемінде кәсіпкерлерге арналған электрондық сауда бойынша оқу курстарын ұйымдастырып, мемлекеттік қаржылай қолдау шараларын күшейтуіміз қажет. Сонымен қатар, онлайн сауданы жүргізіп отырған кәсіпкерлер тауар сапасына ерекше мән беріп, тұтынушы алдындағы жауапкершілігін арттыруы тиіс», – деді қала басшысы.

 

Жиында жаңа оқу жылына дайындық мәселесі де қаралды. Қала әкімі білім беру мекемелеріндегі күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарының дер кезінде аяқталуын қадағалауды тапсырды.

«Жаңа оқу жылы қарсаңында барлық мектептердің дайын болуы – басты талап. Сонымен бірге, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мектеп аумағындағы жол белгілерін, жаяу жүргіншілер жолдарын қалыпқа келтіру қажет», – деді Нұржан Ахатов.

 

Кеңесте айтылған мәселелерді шешу үшін жауапты сала жетекшілеріне қысқа мерзімде нақты міндеттер жүктеліп, кемшіліктерді дер кезінде жою тапсырылды.