Қызылордада жастар өнер арқылы есірткіге қарсы ұстанымын көрсетті

166

Ai-news.kz. Қызылорда облысында «Біз өмірді қалаймыз!» тақырыбында үгіт-насихат бригадалары арасында есірткіге қарсы сайыс өтті. Іс-шараны Қызылорда облысының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ұйымдастырды.

 

Қазылар алқасының құрамына полиция қызметкерлері мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кірді. Байқаудың басты мақсаты – оқушылар мен студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамыту, сахналық мәдениетін арттыру, сондай-ақ жастар арасында есірткіге қарсы теріс көзқарас қалыптастырып, салауатты өмір салтын насихаттау.

 

Сайысқа қатысушылар ұзақтығы бір минутқа дейінгі бейнеқойылымдар ұсынып, үгіт жұмыстары, театрландырылған көріністер, ән мен би арқылы нашақорлықтың алдын алу тақырыбын жан-жақты ашты. Әр қойылымда жастардың өмірге деген құштарлығы, зиянды әдеттерден бас тарту және болашаққа деген сенімі айқын көрініс тапты.

 

Қазылар алқасы жұмыстарды бағалау кезінде қатысушылардың идеяны жеткізу шеберлігіне, сахналық қойылымның мазмұнына және креативтілігіне ерекше назар аударды.

 

Сайыс қорытындысы бойынша:

 

І орын – Қазалы ауданы №225 орта мектеп, М.Мәметова атындағы Қызылорда жоғары педагогикалық колледжі, Шиелі ауданы №41 орта мектеп, Жаңақорған ауданы №184 орта мектеп, Қазалы ауданы №266 мектеп-лицей;

ІІ орын – Арал ауданы №292 орта мектеп, Қармақшы ауданы №26 орта мектеп, Сырдария ауданы №36 мектеп-лицей, №126 орта мектеп, Жаңақорған ауданы №239 орта мектеп;

ІІІ орын – Жалағаш ауданы №34 орта мектеп, Сырдария ауданы №210, №131, №174 орта мектептер, Жаңақорған ауданы №247 орта мектеп.

 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форматтағы іс-шаралар жастардың шығармашылық әлеуетін арттырып қана қоймай, олардың санасында есірткіге қарсы берік ұстаным қалыптастыруға ықпал етеді.

 

Сайыс жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттаудың және зиянды әдеттерден бас тартудың маңызды алаңына айналды.