Әлеуметтік нысандардың жылыту жүйесі мен қауіпсіздігіне бақылау күшейтіледі

541

Ai-news.kz. Бүгін Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен маңызды мәжіліс өтіп, онда әлеуметтік және инфрақұрылымдық маңызы зор бірнеше өзекті мәселе кеңінен талқыланды. Күн тәртібіне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру, алдағы жылыту маусымына дайындық барысы және аймақ басшысы жүктеген тапсырмалардың орындалу деңгейі енгізілді. Жиынға аудандық бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, сонымен қатар әлеуметтік сала мамандары қатысты.

Мәжілісті ашқан аудан әкімі Ардақ Ибраимов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділігін арттырудың өзектілігіне ерекше тоқталды. Ол тұрғындар арасында сақтандыру жүйесінің мәні мен маңызын кеңінен түсіндіру, сақтандырылмаған азаматтардың нақты тізімін жасау және олардың жүйеге қатысуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Әкімнің айтуынша, бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстары аудандық аурухана мен әкімдік тарапынан жүйелі түрде жүргізілуі тиіс. Әлеуметтік медициналық сақтандырудың толыққанды іске асуы халықтың сапалы медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттырып, жалпы денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштерге оң әсерін тигізеді.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе – 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысы болды. Ардақ Ибраимов барлық елді мекендерде жылу жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету және әлеуметтік нысандардың қысқа толық дайын болуын басты назарда ұстауды тапсырды. Әсіресе мектептер, балабақшалар, ауруханалар мен мәдениет үйлерінің жылу жүйелерін дер кезінде тексеріп, жөндеу жұмыстарын аяқтау қажеттігі айтылды. Бұл бағыттағы жұмыстардың сапалы орындалуы тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартуға және әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға тікелей ықпал ететіні атап өтілді.

Сонымен қатар жиында өрт қауіпсіздігі мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Аудан әкімі кент және ауылдық округ әкімдеріне тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттардағы қауіпсіздік талаптарының орындалуын бақылауды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ халық арасында түсіндіру және алдын алу шараларын тұрақты түрде ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті. Әкімнің айтуынша, төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында ақпараттық жұмыстар әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында жиі жарияланып, тұрғындар қауіпсіздік мәдениетіне ерекше мән беруі тиіс.

Мәжіліс қорытындысында Ардақ Ибраимов барлық сала басшыларына жүктелген міндеттердің нақты әрі уақытылы орындалуын талап етті. Әрбір бағыт бойынша нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізу үшін жеке жауапкершілік күшейтілетіні айтылды. Аудан әкімдігі тарапынан берілген тапсырмалардың орындалу барысы тұрақты түрде бақылауда болатыны ерекше атап өтілді.