Сарып аурушаңдығы төмендеді

187

world-nan.kzAi-news.kz. Қызылорда облысында 2024 жылдың қорытындысымен алғаш анықталған сарып ауруының 20 жағдайы тіркелді. 2023 жылмен салыстырғанда аурушаңдық көрсеткіші 2,2 есеге төмендеген.

Аумақтар кесімінде алатын болсақ, Қармақшыда – 9, Қазалыда – 1, Жаңақорғанда – 4, Шиеліде – 1 және Қызылорда қаласында – 5 жағдай есепке алынды. 

Індетке шалдыққандардың арасында ауыл тұрғындарының үлесі 80% құрады. Сырқатқа шалдыққандардың басым көпшілігі – ауылшаруашылық малдары бойынша сарыптан қолайлы елді мекен тұрғындары.  

«Ауру ошақтарында індетке қарсы барлық іс-шаралар жүргізілді, қарым-қатынаста болған 103 адам зертханалық тексерумен қамтылды, ошақтан 6 науқас анықталды. Барлығы медициналық бақылауда болып, қажетті ем-шаралар жүргізілді», - деді Қызылорда облысының СЭБД басшысы Гүлмира Сыздықова.

Аурудың негізгі көзі – жануарлар. Сарып ауруы адамға көбінесе жанасу мен алиментарлы жолдар арқылы жұғады. Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ауру малды төлдету, қойдың жүнін қырқып, одан өнім алу кезінде арнайы киім, резеңке қолғапты пайдалану қажеттігін, сүт және сүт өнімдерін, ет және ет өнімдерін қолданар алдында термиялық өңдеуден міндетті түрде өткізу қажеттігін еске салады.

Аурудың клиникалық белгілері – дене қызуының көтерілуі, тершеңдік, дене салмағын жоғалту. Індетке шалдыққан адамның буындары ауырып, бұлшық еттері мен жүйке жүйесі зақымданады. Жыныс мүшелеріне  әсер  еткен жағдайда ерлерде орхитке, әйелдерде түсік тастауға,  жатырдың қабынуына, мастит ауруларына әкеліп соқтырады. Ал балалар мен жасөспірімдерді белсіздік ауруымен зақымдауы мүмкін. Дер кезінде дәрігерге қаралмаған жағдайда ауру асқынып, мүгедектікке әкеліп  соқтыруы ықтимал.