Шамамен 6 мың студент студенттік омбудсменнен көмек сұрады.
Ai-news.kz. 2024–2025 оқу жылында Қазақстан студенттер альянсы мен Ғылым және жоғары білім министрлігі жастар саясатын іске асыруда өзара тиімді серіктестіктің үлгісін көрсетті.
Осылайша, білім беру, құқық, кәсіби бағдар беру және қоғамдық белсенділік салаларында жастардың қажеттіліктеріне жауап беретін кешенді шаралар жүзеге асырылды. Бұл туралы республикалық студенттік омбудсмен Ұлан Наукен Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясы барысында хабарлады.
Қазақстан студенттер альянсы «Study in Kazakhstan» көрмесіне белсене қатысты. Альянс мүшелері көрмені ұйымдастырушылардың қатарынан табылып, волонтерлік көмек көрсетті. Олар ұйымдастыру жұмысына жоғары оқу орындарындағы студенттік ұйымдарды тартып, студенттік ортадағы өзекті мәселелерге ерекше назар аударды.
Студенттік омбудсмендер институты арқылы жастардың құқықтарын қорғау, академиялық әділеттілікті қамтамасыз ету, оқу үдерісінде ашықтық пен әділдік қағидаттарын ілгерілету бағытында жүйелі әрі тиімді жұмыс жүргізілді.
Оның айтуынша, оқу жылы барысында нақты мәселелермен шамамен 6 мың студент жүгінген. Омбудсмендер олардың басым бөлігін жедел қарап, нақты шешімдер қабылдады.
«Баға қоюдағы әділетсіздік, оқытушы тарапынан қысым мен қудалау, студенттерді іс-шараларға мәжбүрлеп қатыстыру, жатақханадағы тұрмыстық мәселелер, студенттердің пікірін елемеу — дәл осы мәселелер бойынша ең көп өтініштер келіп түсті. Омбудсмендер екі тараптың да уәжін тыңдап, бейтараптық пен құпиялылық қағидатын сақтай отырып жұмыс жүргізді. Институт тек өтініштерді қараумен шектелмейді. Омбудсмендер студенттермен кездесулер, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған тренингтер өткізеді. Соның нәтижесінде көптеген жоғары оқу орындарында студенттердің құқықтары мен мүдделері сақталды», – деді спикер.
Альянс жастардың көшбасшылық әлеуетін арттыру және азаматтық белсенділігін дамыту мақсатында бірқатар ірі жобаларды іске асырды. Солардың бірі — азаматтық-патриоттық тәрбиені көздейтін «JAS POWER» жобасы. Бұл бастама студенттердің волонтерлік және қоғамдық жобаларға белсене қатысуына, ұлттық құндылықтарға құрметпен қарауына бағытталған.
Сондай-ақ, студенттік өзін-өзі басқару жүйесін нығайтуға бағытталған «STUDUNION» жобасы жүзеге асырылуда. Аталған жоба аясында елдегі жоғары оқу орындарында жастар басқару үдерісіне шынайы қатысу мүмкіндігі едәуір кеңейді.
Елімізде алғаш рет әйелдер көшбасшылығын дамытуға бағытталған республикалық студент қыз-келіншектер съезі — «JAÑA DÄUIR ARUY» ұйымдастырылды.
Аталған жобалар жастардың белсенділігін арттырып қана қоймай, олардың азаматтық жауапкершілігін, көшбасшылық қасиеттерін және әлеуметтік бастамаларды іске асыруға дайындығын нығайтты.





