Сауда желілерінде делдалдық схемаларды анықтау және бақылау жұмыстары жүргізілуде
Ai-news.kz. Сырдария ауданында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл бағытта арнайы құрылған жұмысшы топ күнделікті және апталық мониторингтер ұйымдастырып, баға саясатының қалыпты деңгейде сақталуын қамтамасыз етуде.
Аудан әкімдігі мен жұмысшы топ мүшелері кәсіпкерлерге өнімнің өндірушіден немесе көтерме жеткізушіден алынған бағасына 15 пайыздан артық үстемақы қоспау қажеттігін ескертіп, түсіндірме жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Осыған байланысты ескертпе хаттар мен жадынамалар таратылып, артық үстемақы қолданған жағдайда әкімшілік айыппұлдар салынатыны түсіндірілді.
Жүргізілген соңғы апталық мониторинг қорытындысы бойынша, 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің тек біреуінде ғана баға өсімі байқалған. Атап айтқанда, жұмыртқа бағасы 2 пайызға өсіп, бір данасы 50–51 теңге аралығында сатылуда. Қалған өнімдер бойынша баға деңгейі тұрақты сақталып отыр.
Күнбағыс майын жоғары бағамен сатқан бірқатар сауда субъектілері анықталып, тиісті ақпарат облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына жолданды. Негізінен, аудан кәсіпкерлері бағаның көтерілу себебін Қызылорда қаласындағы көтерме сауда орындарында азық-түлік өнімдерінің 10–15 пайызға қымбат сатылуымен байланыстырып отыр.
Осыған орай аудандық жұмысшы топ өнімсіз делдалдық тізбектерді анықтау және баға қалыптастыру тетігін зерделеу жұмыстарын күшейтті. Зерттеу нәтижесінде, аудан кәсіпкерлері мен дүкен иелері қажетті азық-түлік тауарларын көбіне Қызылорда қаласындағы «Ескі базар» маңындағы «Ажар», «Асқар», «Мирас», «Несібелі», «Сыбаға» секілді көтерме сауда орталықтарынан өз автокөліктерімен апта сайын алып келетіндігі анықталды.
Сонымен қатар, ауданда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қорларына тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде. Қазіргі таңда аудан көлеміндегі сауда орталықтары мен дүкендердің қоймаларында 126,3 тонна көлемінде бір апталық азық-түлік қоры қалыптастырылған. Бұл тұрғындарды қажетті өніммен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері бағаны тұрақтандыру мақсатында аудан орталығында 6 рет, облыс орталығында 1 рет және Астана қаласында 1 рет ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Бұл жәрмеңкелерде өнімдер базар бағасынан 10–15 пайыз төмен бағада сатылып, тұрғындарға тиімді жағдай жасалды.
Сонымен қатар, аудан бойынша бекітілген оператор арқылы тұрақтандыру қоры есебінен 70 тоннаға жуық азық-түлік өнімдері сатып алынып, «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бекіткен бағамен халыққа ұсынылды.
Баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссия жұмысы да тұрақты негізде жүргізілуде.
Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы өсіп кетті деген себеппен жеке тұлғалардан 11 арыз түсіп, олардың барлығы Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне жолданды. Тексеру нәтижесінде үш кәсіпкерге ресми ескерту түріндегі әкімшілік шара қолданылды, ал сегіз арыз негізсіз деп танылып, кері қайтарылды.
Бағаны тұрақтандыру бойынша жүргізіліп жатқан мұндай кешенді шаралар – халықтың әлеуметтік жағдайын қорғау және нарықтағы әділ бәсекелестікті қамтамасыз ету бағытындағы аудан әкімдігі мен тиісті мекемелердің үйлесімді жұмысының нәтижесі болып табылады.





