Аграрлық салаға 31,3 млрд теңге қаржы бөлінді
Ai-news.kz. Бүгін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаевпен кездесті. Басқосуда Ұлттық ауыл шаруашылығы санағын сапалы әрі уақытылы өткізу мәселелері талқыланды. Бұл санақ елдің аграрлық секторындағы нақты ахуалды айқындап, болашақта ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған тиімді мемлекеттік саясатты қалыптастыруға маңызды негіз болмақ.
Облыс әкімі атап өткендей, қазіргі таңда санақты талапқа сай ұйымдастыру үшін арнайы комиссия құрылып, кешенді іс-шаралар жоспары мен ақпараттық қолдауға арналған медиа-жоспар бекітілген. Санақтың қорытындысы агроөнеркәсіп кешенінің даму динамикасын нақты көрсетіп, статистикалық деректердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында аграрлық саланың аймақтағы даму қарқынына да тоқталды. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына жасалып жатқан жүйелі қолдаулардың нәтижесінде өңір экономикасында оң өсім байқалуда. Биыл бұл салаға 31 млрд 300 млн теңге бағытталды, оның ішінде 14 млрд 200 млн теңге – субсидиялауға бөлінген қаржы. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттырып, ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашты.
Өткен сегіз айдың қорытындысы бойынша Қызылорда облысында жалпы 66 млрд 900 млн теңгенің өнімі өндірілді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 пайызға жоғары. Сонымен қатар, тамақ өнімдерін өңдеу көлемі 16 пайызға артқан. Салаға тартылған инвестициялар көлемі де өсіп, биыл 9 млрд 900 млн теңге құрады. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 1,4 есе артық көрсеткіш.
Мал шаруашылығы бағытында да тұрақты даму үрдісі қалыптасқан. Ет өндіру көлемі 3,8 пайызға, сүт өндірісі 3,3 пайызға, жұмыртқа өндірісі 7,9 пайызға артқан. Бұл – шаруалардың еңбегі мен мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың нақты нәтижесі.
Облыстың жалпы жер қоры 24 млн гектарды құрайды, оның 12 пайызы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер. Биылғы егіс науқаны аясында 189 600 гектар жерге түрлі дақылдар егілді, оның ішінде 80 900 гектары күріш алқаптары. Қазіргі таңда егін жинау жұмыстары қарқынды жүруде. Егілген күріштің 73 мың гектары орылып, 64 мың гектары бастырылды. Нәтижесінде 340 мың тонна өнім алынды, әр гектардан орта есеппен 52,9 центнерден өнім алынуда.
Кездесуде облыс басшысы алдағы жылдарға арналған инвестициялық жобаларға да тоқталды. Өңірде аграрлық және өңдеуші секторларды қамтитын 37 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Биылдың өзінде жалпы құны 8 млрд 800 млн теңгені құрайтын 16 жоба қолға алынып, соның 3 млрд 400 млн теңгеге бағаланған 8-і іске қосылды.
Сондай-ақ, «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде соңғы екі жылда 5 млрд 500 млн теңгеге 782 жоба қаржыландырылған. Ал биылғы жылы осы бағдарлама аясында тағы да 5 млрд 500 млн теңгеге 559 жоба жүзеге асырылмақ. Бұл бастама ауылдық кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрғындардың табысын арттыруға бағытталған.
Кездесу соңында тараптар ұлттық санақтың нәтижелері елдің агроөнеркәсіп саясатын жетілдіруге, өңірлердің әлеуетін арттыруға және экономикалық даму стратегиясын нақтылауға айтарлықтай үлес қосатынына сенім білдірді.





