Талсуат ауылдық округінде бірінші жартыжылдықтың қорытындысы жарияланды
Ai-news.kz. Талсуат ауылдық округінің әкімі Ерлан Бейсенбаев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Әкімнің айтуынша, есепті кезеңде кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығын дамыту және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту бағытында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асқан.
Кәсіпкерлікке қолдау
Округте бүгінде 191 шағын кәсіпкерлік нысан жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері жаңадан бес кәсіпкерлік субъектісі тіркелді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында тұрғындардың он бір жобасы қаржыландырылып, оның ішінде бес ауыл тұрғыны жеті миллион 864 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алды.
Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 43,5 миллион теңгені құрайтын төрт жоба қолдау тапты. Бұл қаражатқа кәсіпкерлер ет өндірісі, жұмысшы қолғап цехы, қымыз және жартылай фабрикат өнімдерін шығару бағытындағы жобаларды жүзеге асыруда.
Ауыл шаруашылығы
Ауыл шаруашылығы саласында 42 гектар жер игерілді. Оның ішінде 29,4 гектарға көкөніс, 1,8 гектарға картоп, он бір гектарға бақша дақылдары егілді. Мал шаруашылығы да тұрақты дамуда: мал саны 3 383 басқа жетті.
Әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым
Әлеуметтік нысандарды қолжетімді ету мақсатында үш мекемеге жаяу жүргіншілер жолы салынды және көше жарығы жүргізілді. №3 тұйық көшеге тас төселіп, №1 тұйық көшесіне түнгі жарық бағаналары орнатылды. Жеңістің 80 жылдығына орай Тағзым алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды.
Алдағы уақытта да бірқатар жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда Сығанақ көшесіне тас төсеу, Ақмешіт, Астана, Алматы, Отырар, Сауытбаев көшелеріне көше жарығын жүргізу, сондай-ақ Құмкөл, Атырау, Ақмешіт, Нұрмағамбетов көшелеріне жаяу жүргіншілер жолын салу үшін бюджетке өтінім берілген.
«Біздің басты міндетіміз – ауылдық округ тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастыру. Сол мақсатта инфрақұрылымды жетілдіру, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын дамыту жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырамыз», – деп атап өтті Талсуат ауылдық округінің әкімі Ерлан Тұтқабайұлы.





