Қазалыда «Әнім сенсің – Қызылорда» вокалды-аспапты ансамбльдер фестивалі өтті
Ai-news.kz. Бүгін Қазалы қаласында Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына орай «Әнім сенсің – Қызылорда» атты вокалды-аспапты ансамбльдердің дәстүрлі фестивалі ұйымдастырылды. Бұл мәдени шара жыл сайын облыстың барлық аудандарынан талантты вокалды-аспапты ансамбльдерді жинап, ұлттық өнерді дәріптеудің, жастар мен дарынды тұлғаларды қолдаудың алаңына айналады.
Мерекелік кешке аудан әкімі Алмасбек Есмаханов арнайы қатысып, көпшілікті Қызылорда қаласының 100 жылдық мерейтойымен құттықтап, фестивальге қатысушыларға шығармашылық табыс тіледі. Аудан басшысы сөзінде фестивальдің ұлттық өнерді насихаттаудағы маңыздылығын атап өтіп, ол шара аудандар арасындағы мәдени-рухани байланысты нығайтып, ұлт руханиятына зор үлес қосатынына сенім білдірді. Сондай-ақ, ол қатысушыларға: «Мәдениет көгіндегі темірқазықтай жұлдыздарымыз, Халық қаһарманы Роза Бағланова, жезтаңдай әнші Мәдина Ералиева, дарынды композитор Кеңес Дүйсекеевті, шығыстың жарық жұлдызы Ғани Мұратбаевты дүниеге әкелген қасиетті Қазалы жеріне қош келдіңіздер! Айтулы өнер кешінде баршаңызға шығармашылық табыс, қуаныш пен шабыт тілеймін!» – деді.
Фестиваль барысында Қызылорда қаласынан келген «Мереке», Жаңақорған ауданынан «К-4», Жалағаш ауданынан «Алтын Арай», Сырдария ауданынан «Ритм» және «Dostar band», Арал ауданынан «Арал», Шиелі ауданынан «Шиелі» және Қазалы ауданынан «Қазалы» мен «5-аймақ» вокалды-аспапты ансамбльдері өнер көрсетті. Ансамбльдер 70-90 жылдардағы ескі әндерді және өздерінің шығармашылық туындыларын орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Әрбір орындаушы өз өнерімен көрермендерді тәнті етіп, мәдени-рухани байлықты паш етті.
Фестивальге қатысқан барлық вокалды-аспапты ансамбльдер аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталып, сондай-ақ қаржылай сертификаттармен қолдау тапты. Мерекелік кештің соңында сахнада жарық пен музыка үйлесімімен сәнделген отшашу ұйымдастырылып, қатысушылар мен көрермендер үшін есте қаларлық қуанышты сәттер сыйлады.
Осылайша, «Әнім сенсің – Қызылорда» фестивалі тек Қызылорда қаласының 100 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара ғана емес, сонымен қатар облыстың мәдени өмірін жандандыруға, талантты жастар мен ансамбльдерді қолдауға бағытталған маңызды мәдени-рухани оқиғаға айналды. Фестиваль қатысушылары өз өнерлерімен көрермендердің жүрегіне жол тауып, ұлттық өнердің ұмытылмас мерейін арттырды.





