Жол құрылысының сапасы мен абаттандыру жұмыстары күнделікті бақылауда
Ai-news.kz. Биыл Қазалы аудан орталығы – Әйтеке би кентінде абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Сонымен қатар орталық көшелерге асфальт төселіп, кеңейту жұмыстары да жасалуда. Ал, бұл жұмыстардың сапалы атқарылуы – басты назарда.
Осыған сәйкес аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет тиісті сала басшыларымен бірге аудан орталығындағы Жеңіс саябағы мен орталық алаңға жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарын және Әйтеке би көшесін қайта жаңғырту жұмыстарының сапасын бақылады.
Бүгінгі таңда орталық көшеге асфальт қабаты төселіп, жол жиегіндегі бардюрлар орнатылып, түнгі жарықшамдар ауыстырылуда. Ал, орталық алаң мен Жеңіс саябағында брусчаткалар төсеу, кәсіпкерлік қызмет көрсету нысандарын орналастыру және эскиздік жобада көрсетілген түрлі нысандардың құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Аудан орталығындағы жасалып жатқан жұмыстарды аралау барысында аудан басшысы тиісті сала басшылары мен мердігер мекеме басшыларына әрбір жұмыстың ең бірінші кезекте сапасына мән беру қажеттігін тапсырды.