Сырдария аудан әкімінің есепті кездесулері өтті

209

Ai-news.kz. Бүгін Сырдария аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың есепті кездесулері Айдарлы, Жетікөл және Аманкелді ауылдарында басталды. 


Кездесулерге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, "Аманат" партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, дербес бөлім басшылары мен мекеме басшылары қатысты.


Кездесулерде аудан басшысы өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.


– Жақында облысымызға Үкімет басшысы Олжас Абайұлы Бектенов келіп, жаңа әуежайдың ашылуына қатысты. Сонымен қатар, Бесарық ауылындағы «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылуымен танысып, өңірдің дамуына оң бағасын берді. Бұл жұмыстар – өңір халқының бірлесе атқарған жұмыстарының нәтижесі. Президентіміздің, Үкіметтің және аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен Сыр өңірінде мақсатты бастамалар қолға алынып, ауқымды жобалар жүзеге асуда. Екі жыл бұрын облыс бюджеті 364 миллиард теңге болатын. Бүгінде бюджет көлемі 744 миллиард теңгеден асты. Бұл ауқымды қаражат аймақтағы ең өзекті деген мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталды. 


Есепті кезеңде ауданда өнеркәсіп өндірісі 67 пайызға ұлғайса, өңдеу өнеркәсібі 12,2 пайызға өсті. 2024 жылдың 10 айында негізгі капиталға 63,7 миллиард теңге инвестиция тартылып, өсім 13,9 пайызды құраса, құрылыс жұмыстарының көлемі 76 пайызға ұлғайды. Есепті кезеңде ауыл шаруашылығы саласы бойынша 23,4 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Халықты сапалы ауыз сумен қамту үшін Тереңөзек кентінде 10 көшенің, Шаған және Аманкелді ауылында 6 көшенің су құбырлары жаңартылды. Сонымен бірге, Аманкелді, Қоғалыкөл, Шіркейлі және Н.Ілиясов елді мекендеріне төрт су мұнарасы жаңадан орнатылды, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.


Биыл Айдарлы ауылының құрылғанына – 50 жыл. Елді мекенде атқарылып жатқан жұмыстар атаулы дата аясында ұйымдастырылуда. Биыл ауылдағы «Уәлихан» және «Тораңғылды» каналдары қазылып, аяқ су мәселесі шешімін тапты. 


Жетікөл ауылында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында 6 көшеге бейнебақылау камералары орнатылса, Аманкелді елді мекенінде А.Ағайдаров, А.Жанкин, М.Қалымбетов көшелерінің ауыз су құбырларын жаңғырту жұмыстары жүргізілді. 


Кездесулерде елді мекен тұрғындары инфрақұрылымдық, білім,   қоғамдық көлік және басқа салаларға қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді. 


Аудан әкімі барлық ұсыныс бақылауда болып, тиісті жұмыстар атқарылатынын айтты.


Кездесулерден соң аудан басшысы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.