Ардагерлер тал егу рәсіміне қатысты

433

Ai-news.kz. Қызылорда қаласында өткен республикалық ардагерлер кеңесінің көшпелі отырысына қатысушылар қайта жаңғыртылған Президент паркіне тал егу рәсіміне қатысты. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында ұйымдастырылған іс-шараға эковолонтерлер, «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің еріктілері, жастар ұйымдарының өкілдері, құқық қорғау органдары және облыстық басқармалардың басшылары қатысты. Осы күні барлығы 165 түп қайың, үйеңкі және туя көшеті отырғызылды, бұл қала экологиясын жақсартуға, жасыл желектер санын арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы қонақтарды Президент саябағын қайта жаңғырту жұмыстарымен таныстырды. Бұл аумақта ауқымды абаттандыру жобалары іске асырылуда. Бас мердігер Bi Global ЖШС 3 аллея, 6 субұрқақ, 5 амфитеатр, 7 балалар ойын алаңын, 4 спорт және 4 workout аймақтарын, 7 демалыс аймағын, 4 фудкорт, теннис үстелдерін, 50 метрлік айналмалы дөңгелек аттракцион, би алаңын, стритбол, вело және жүгіру жолақтарын, сахна, сарқырама каналдары мен олардың үстінен өтетін көпірлерді, шахмат, баскетбол және футбол алаңдарын, арқан саябағы мен модульдік-санитарлық нысандарды орналастыру жоспарланып отыр.

Саябақта жылдың төрт мезгілінде үздіксіз жұмыс істейтін 300 орындық заманауи балалар тынығу лагері мен Ботаникалық білім беру орталығы (қысқы бақ) бой көтеріп келеді. Бұл нысандардың бас мердігері Alem Qurylys AQ ЖШС спорт блогын, іс-шараларға арналған event-аймақ, тұрғын корпустар, қонақ үй үлгісіндегі шағын ғимараттар, дәстүрлі киіз үйлер, ашық бассейн, стадион, футбол алаңы және сахна салуды қарастырған. Мұның бәрі қалалық экологиялық мәдениетті арттыруға, тұрғындарға жасыл желектермен демалыс орындарын ұсынуға бағытталған.

Еске салсақ, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өңірдегі барлық елді мекенде санитарлық тазарту, абаттандыру және көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Биылға дейін 484 мыңнан астам ерікті, қоғам қайраткерлері, бюджет саласы мен кәсіпорын қызметкерлері белсенді қатысып, 21 мың тоннадан астам қоқыс қалдықтары шығарылды. Елді мекендердегі 510 сквер мен парк, 256 тарихи-мәдени ескерткіш, 1019 әлеуметтік нысан, 3 733 өнеркәсіп және бизнес нысаны, 332 су объектісі, 44 394 көше бойы, 11 025 көпқабатты және 33 369 жер үй аулалары тазартылды. Бұған 540-тан астам техника жұмылдырылды.

Сонымен қатар, жыл басынан бері облыс аумағына 255 500 түп өңір климатына сәйкес келетін қарағаш, терек және Сыр талының көшеттері егілді. Бұл жұмыстар қаланың жасыл желек қорын арттырып қана қоймай, экологиялық ахуалды жақсартуға, тұрғындардың демалыс аймақтарын кеңейтуге және табиғатқа қамқорлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Аймақ басшысы алдағы уақытта да осындай ауқымды экологиялық жобаларды жалғастыру жоспары бар екенін атап өтті.