Қазалыда гандболдан облыс чемпионатының 3-ші айналымы басталды
Ai-news.kz. Бүгін Қазалы ауданында Гандболдан XII облыс чемпионатының үшінші айналымының жарысы басталды. Жарыс Әйтеке би кентіндегі №204 орта мектептің спорт залында ұйымдастырылып, аудан әкімі Алмасбек Есмаханов салтанатты түрде ашып берді. Аудан басшысы спортшыларға сәттілік тілеп, жарыстың сәтті өтуін қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар Президентіміз бен аймақ басшысының қолдауымен өңірде спорт саласында жүзеге асып жатқан жұмыстарға тоқталды. Қазалы ауданының барлық тұрғындарын бұқаралық спортқа тарту, балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулу, спорт инфрақұрылымын дамыту – аудан басшылығының басты назарында тұрған бағыттардың бірі екені айтылды.
Қазалы ауданы спорттық инфрақұрылымымен ерекшеленеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы мен аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен Қ.Пірімов, Үрмәш Түктібаев ауылдарында заманауи спорт кешендері бой көтеріп, тұрғындардың спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалған. Бұдан бөлек бірқатар елді мекендерде спорт алаңдары мен ойын алаңдары салынған. Өткен жылы аудан орталығында 200 адамға
арналған «Әмір арена» спорт кешені ашылып, жергілікті спортшылардың жаттығуына мүмкіндік берілді. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Әйтеке би кентінде, Бекарыстан би және Қожабақы ауылдарында үш жаңа спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Бұл кешендер спортты дамытуға, жастарды салауатты өмір салтына тартуға, бұқаралық спортты кеңінен насихаттауға арналған.
Қазалы ауданында гандбол спорты қарқынды дамып келеді. Ауданның қыздар құрамасы жыл сайын облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысып, үздік нәтижелер көрсетуде. «Алтын күз» дәстүрлі облыстық спартакиадасында қыздар құрамасы бес рет жүлдегер атанды. Облыс чемпионатында аудан құрамасы қола жүлде жеңіп алған. Сонымен қатар, Көпжан Бану – Қазақстан Республикасының сегіз дүркін чемпионы, клубтар арасында «Қайсар» құрамында Азия чемпионатының жеңімпазы және төрт жылда бір өткізілетін Азия ойындарының қола жүлдегері. Бұл көрсеткіштер Қазалының спорттық дәстүрін жалғастырып, ауданның абыройын арттырады.
Жарыстың ашылу салтанатында Қызылорда облысының гандбол федерациясының президенті, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Вячеслав Ким сөз сөйлеп, жарыстың жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткен аудан әкімінің атқарған жұмыстарына ризашылығын білдірді. Жарысқа Қызылорда қаласы мен облыстағы барлық аудандардан сегіз команда қатысуда. Іріктеу кезеңінен өтіп, чемпионатқа іріктелген командалар екі күн бойы өзара мықтылығын сынайды. Жарыс барысында спортшылардың физикалық дайындығы, техникалық шеберлігі мен тактикалық ойлау қабілеті сыналады. Аудандық деңгейде спортты дамыту жұмыстары әрі қарай да тұрақты түрде жалғасады деп күтілуде.
Қазалыдағы гандбол чемпионатының үшінші айналымы жергілікті спортшылардың біліктілігін арттыруға, жастарды спортқа тартуға және ауданның спорттық имиджін көтеруге бағытталған маңызды шара болып отыр. Жарыстың нәтижелері аудан спортының дамуындағы жаңа белестерге жол ашады.
Тағы да оқыңыздар





