«Жастар – ел ертеңі»: Қазалыда мерекелік концерт өтті

231

Ai-news.kz. Жастар – ел ертеңі

12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай Қазалы мәдени-демалыс кешенінде «Жастар – ел ертеңі» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды. Бұл күн – жас буынның қоғамдағы рөлін атап өтіп, олардың бастамалары мен жетістіктеріне құрмет көрсетуге арналған мереке.

Шараға аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов қатысып, жастарды мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде бүгінгі таңда қоғамның барлық саласында белсенді, бастамашыл жастардың көп екенін атап өтті. Аудан бойынша жастар саны 23 532 адамды құрап, бұл жалпы халықтың 29,7 пайызы екенін жеткізді. Жергілікті жастардың бір бөлігі білім мен ғылымда жетістіктерге жетіп, ел ішінде ғана емес, шетелде де өңірдің атын танытып жүр. Сонымен қатар спорт, мәдениет және білім саласындағы байқауларда топ жарып, ел мерейін асқақтатып жүргендердің басым бөлігі – жас буын өкілдері.

Дәурен Тлеумбетов өңірдің өрісі биік, рухы мықты жастарына сәттілік тілеп, қоғамдық шараларда белсенділігімен танылған бірқатар азаматтарға аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаевтың Алғыс хатын табыстады. Бұл марапат – олардың еңбегі мен қоғамдық өмірге қосқан үлесіне берілген лайықты құрмет.

Мерекелік жиын соңында өнерлі жастар мен аудан өнерпаздары сахнаға шығып, ән мен би шашу жасап, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.