Қазалыда теміржолшылар кәсіби мерекелерінде құрметке бөленді

189

Ai-news.kz. Теміржолшылар құрметке бөленді

Теміржол саласы – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал ететін, халық тұрмысы мен өндірістің ілгерілеуіне серпін беретін басты салалардың бірі. Ел экономикасының «күре тамыры» атанған бұл сала тек жүктер мен жолаушыларды тасымалдап қана қоймай, өңірлерді өзара байланыстырып, ішкі сауда мен өнеркәсіптің дамуына да жол ашады. Қазалы ауданы үшін теміржолдың орны бөлек, өйткені оның тарихы ғасырдан астам уақыт бұрын басталып, осы күнге дейін аудан өмірінің ажырамас бөлігі болып келеді.

Бүгін аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаев теміржол саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлерді қабылдап, кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтады. Ол өз сөзінде Қазалы теміржол тасымалының тарихына тоқталып, 1905 жылы басталған Орынбор–Ташкент теміржол құрылысының ел үшін де, аудан үшін де маңызын атап өтті. Қазақ даласын батыс пен шығысты жалғаған бұл магистраль халық игілігіне ғасырдан астам уақыт бойы қызмет етіп келеді. Аудан үстімен өтетін осы алғашқы теміржол желісі қазалылықтар үшін әрдайым мақтаныш, ал ондағы әр қызметкердің еңбегі – өңірдің дамуына қосылған үлес.

Жалғас Сүйеубаев теміржолшылардың мезгілдің ыстығы мен суығына, күндіз-түні демей атқарып жүрген қажырлы еңбегін жоғары бағалап, олардың іскерлігі мен кәсібилігі ауданның әлеуметтік-экономикалық деңгейін арттыруда ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Сондай-ақ, саладағы табанды жұмыс пен жинақталған тәжірибенің болашақ ұрпаққа үлгі екенін жеткізді.

Мерекелік қабылдау кезінде теміржол саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен ардагерлер мен қазіргі таңда үздіксіз жұмыс істеп жүрген қызметкерлердің бірқатарына облыс әкімінің және аудан әкімінің міндетін атқарушының Алғыс хаттары салтанатты түрде табысталды. Бұл марапаттар – олардың жылдар бойғы адал қызметі мен еңбегіне көрсетілген лайықты құрмет.

Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Құрметті теміржолшы Оразғали Бекпанов пен Қазалы вагон пайдалану депосының бастығы Арғын Орынбаев сөз сөйлеп, әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады. Олар теміржолдың аудан үшін маңызын, ұжымдағы бірлікті және болашаққа деген сенімді атап өтіп, ізгі тілектерін білдірді.

Салтанатты жиын соңы аудан өнерпаздарының өнер көрсетуімен жалғасты. Ән мен күй шырқалып, мерекелік көңіл-күй үстем болды. Шараға жиналғандар бір-бірін құттықтап, осынау маңызды күннің қуанышын бірге бөлісті.