Қазақстанда табиғи өрттердің алдын алу бойынша жұмыс жалғасуда

460
Ai-news.kz.Қазақстанда табиғи өрттердің алдын алу және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасуда. Елдегі өрт қаупі бар жағдай тәулік бойы бақылауда. Мониторинг «Орман» және «Табиғат» ақпараттық жүйелері, орман шаруашылықтарындағы бейнебақылау, ғарыштық мониторинг деректері, сондай-ақ төтенше жағдайлар бойынша геоақпараттық жүйе арқылы жүзеге асырылады. 
Орман алқаптары бар өңірлерде су ағызу құрылғыларымен жабдықталған әуе кемелері кезекшілікке қойылған. Қазір 24 әуе кемесі дайын күйде тұр. Бұдан бөлек, ТЖМ күштерімен 26 орман шаруашылығында 36 механикаландырылған бақылау бекеті орналастырылған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев мәлімдеді. 

Спикердің айтуынша, табиғи өрттердің алдын алу және жедел әрекет ету бойынша енгізілген модель жану оқиғаларының санын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді.

«Орманды-дала алқаптарында профилактикалық шараларды жүргізу үшін ТЖМ, полиция және орман шаруашылығы мекемелері қызметкерлерінен құралған мобильді топтар құрылды. Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 3 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 52 миллион 116 мың теңге айыппұл салынды. Шаруа қожалықтарын аралап, нұсқаулықтар беру жұмыстары жалғасуда. Шекара маңындағы ынтымақтастық аясында Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан ТЖМ-мен бірлескен оқу-жаттығулар өткізілді. Орман шаруашылығы мекемелерімен 300-ден астам өрт-тактикалық жаттығу ұйымдастырылды», – деді Ерлан Төрегелдиев.

 Спикер атап өткендей, ауылдық елді мекендерді төтенше жағдайлардан қорғауды күшейту мақсатында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасын іске асыру жалғасуда. Бағдарлама аясында жаңа форматта 11 өрт сөндіру бекеті ашылып, олар қажетті техникамен, жабдықтармен және арнайы киіммен қамтамасыз етілді. Төтенше жағдайлар министрлігі жаңа бекеттерді жарақтандыру үшін әкімдіктерге өрт сөндіру техникасын беру жұмысын жүргізіп жатыр.

Өрт қаупі жоғары кезең басталғалы бері жалпы ауданы 27 мың гектарды құрайтын 261 орман өрті тіркелген. Сонымен қатар, 16 дала өрті және жалпы аумағы 14,5 мың гектар болатын 1 357 дала жануы болған. Қазіргі уақытта өрт қаупі кезеңі қызған шағында. Елдің бірқатар өңірінде өрт қаупінің жоғары класы сақталуда.

«Осыған байланысты біз өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтауға шақырамыз. Өрт қаупінің жоғары класы кезінде елді мекендерде, ормандарда және егістік алқаптарының маңында от жағуға қатаң тыйым салынады. Өшірілмеген сіріңке, темекі тұқылы мен шыны заттарды тастамаңыздар. Балаларды қараусыз қалдырмаңыздар және олардың отпен ойнауына жол бермеңіздер. Өрт белгілерін байқаған жағдайда дереу 101 немесе 112 нөміріне хабарлаңыздар», – деп ведомство өкілі үндеу жасады. ortcom.kz.