Ai-news.kz. Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасының іске асырылу барысы қаралды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.Үкімет отырысында Премьер-министр Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыруға қатысты бірқатар тапсырма берді.
«Үлкенді сыйлау, мәдени мұра нысандары мен инфрақұрылымға ұқыпты қарау, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды дамыту жаңа тәрбие беру парадигмасының құрамдас бөлігіне айналуы керек.
Бүгіннің өзінде осы бағытта түрлі акциялар, таза ауада жаппай сауықтыру жаттығулары, дөңгелек үстелдер, флешмобтар мен басқа да іс-шаралар өткізіліп жатыр.
Үлгі боларлық мысалдар мен қоғамдық маңызы бар бастамалар арқылы тәртіпке, салауатты өмір салтына, экологиялық мәдениетке, рухани дамуға бағытталған орнықты, позитивті күн тәртібін қалыптастырған жөн», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Экология және табиғи ресурстар министрінің мәліметінше, бүгінде мемлекеттік орман қоры аумағына 1,3 млрд, оның ішінде Арал теңізінің құрғаған табанына 48,7 млн сексеуіл көшеті отырғызылған. Қазалы қаласындағы 33 гектар алаңда жылына 3 млн көшет өсіретін орман тәлімбағының құрылысы аяқталды.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы 2021-2025 жылдар аралығында Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы 1,1 млн. гектарға сексеуіл екпелерін егу жөнінде тапсырма берген болатын. 2021-2024 жылдары 659,1 мың гектар алқапқа екпе егілді. Биыл қалған 440,9 мың гектар аумаққа сексеуіл көшеттері мен галофитті тұқымдар егу жоспарлануда.
Бұл жұмыстарды атқаруға бюджеттен тыс қаражат тартылды. Өткен жылы «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы 500 млн қаржы бөлсе, Қызылорда, Түркістан облыстары әкімдіктері мен КАТКО және "Республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығы" орман екпелерін өтемдік отырғызу бойынша міндеттемелерді Арал теңізінің құрғаған табанына қайта бөлу үшін бесжақты келісім жасалды. КАТКО бөлген 2,2 млрд. теңге жоспарланған Арал теңізінің құрғаған табанының жұмыс көлемін қаржыландыруға мүмкіндік береді.
Президент бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында қаламыздағы, аудан орталықтарындағы, ауылдардағы парктер, скверлер мен аллеялар, көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары абаттандырылуда.
Аталған жұмыстарға қала, аудандар мен барлық ауылдық елді мекендер белсенді қатысып келеді. Аймағымыздың сәулеттік келбеті жаңарды.
Демеушілер есебінен Қызылорда қаласының орталық алаңы, Жаңақорғанда заманауи демалыс паркі, Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылында «Еңбекшілер паркі» пайдалануға берілді. Дәл осындай демалыс орны жақында ғана Қазалы ауданында ел игілігіне табысталды.
Қазір қаламыздағы Президент саябағы, Қорқыт Ата мемориалды аллеясы қайта жаңғыртылуда.
"Баршаңызға мәлім, елімізде көктемнен бері "Таза Қазақстан" жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама. "Таза Қазақстан" шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады.
Бұл – уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс. Себебі, шынын айтқанда, кейбір санасыз азаматтарымыз табиғатты, көшелерді әлі де ластап жатыр. Осындай адамдардың әрекетіне заң бойынша тосқауыл қою керек. Бір сөзбен, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет", - деді Мемлекет басшысы.