Ai-news.kz. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласындағы жол жөндеу жұмыстарының барысын тексерді. Алдымен Бейбарыс сұлтан көшесінен Әбілхайыр хан көшесіне дейінгі Сырдария өзенінің қорғаныш бөгетін нығайту, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы көшесін реконструкциялау жұмыстарын көрді.Жобаның мердігері – «УАД», техникалық қадағалаушысы – «ЗКА Проект», авторлық қадағалаушысы – «КБ МұнайГаз Инжиниринг» серіктестіктері. Төрт жолақты жолдың ұзындығы – 6,71 шақырым, ені – 14 метр.
Облыс әкімі басты талап жолдың сапалы салынуы, құрылыстың уақытылы аяқталуы екенін айтты. Жауапты сала басшылары жөндеу жұмыстарын үнемі тексеріп, кемшілікке жол бермеуі керек.
Айта кетейік, биыл Қызылорда облысында республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген 44 миллиард 703 миллион теңгеге 300 шақырым автомобиль жолы жөндеуден өтті. Облыс орталығының негізгі көшелері - әуежайдан Бейбарыс сұлтан көшесіне дейінгі аралық, қалаға Шиеліден кіреберіс жол, Яссауи, Жаппасбай батыр магистральді көшелері, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылы төрт жолақты болып кеңейтілді.
Қызылорда қаласында 4 миллиард 700 миллион теңгеге Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржол асты автожолы, Арал, Жаңақорған аудандарында теміржол үстінен аспалы көпір құрылыстары жүруде.
Сонымен қатар жылдар бойы күн тәртібінен түспеген «Қызылорда-Жезқазған» автожолы Президенттің тікелей тапсырмасымен қайта жаңғыртылуда. Жоба құны – 108 миллиард 500 миллион теңге. Қызылорда облысының аумағына тиесілі 216 шақырым жолдың 140 шақырымы аяқталды. Қалған бөлігі 2026 жылы ел игілігіне беріледі.
Мұнан бөлек, көпшілікті толғандырған «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылорда қаласынан Ақтөбеге дейінгі аумағын төрт жолақтыға айналдыру мәселесі де Мемлекет басшысының тапсырмасымен шешімін табуда. Халықаралық дәліздің осы аумағын 1-санатқа ауыстыру бойынша «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамы жоба-сметалық құжаттама әзірлеуде.
Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаев Қазахстан халқына Жолдауында атап өтті.
Автокөлік жолдарының жай-күйі – өзекті мәселе. Мен бұл туралы осыған дейін де айттым. Биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатыр. Қазақстанда мұндай ауқымды жұмыс бұрын-соңды болмаған. Астана-Алматы, Ақтөбе-Атырау-Астрахань, Талдықорған-Өскемен бағытындағы күре жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып қалды. 2,5 мың шақырымға созылатын облысаралық және ауданаралық жолдарды орта деңгейде жөндеуге арналған бағдарламаның мән-маңызы зор. Дәл осы жолдармен жұрт өте жиі жүреді. Сондықтан бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, оған кемінде 10 мың шақырым жолды қамтуды тапсырамын.
Әрине, мұнда саннан гөрі сапа маңыздырақ. Сол үшін инновациялық заманауи әдіс-тәсілдерді кеңінен қолданған абзал. Бұл жұмысқа қоғамдық бақылауды күшейту үшін бірыңғай цифрлық платформаны іске қосқан жөн. Онда барлық жолды, соның ішінде, қала аумағындағы жолдарды салуға және жөндеуге қатысты ақпарат болуы керек.