Қазалыда қарттарға құрмет көрсетілді
Ai-news.kz. Қазалы ауданында бүгін 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай «Қарттарым – асыл қазынам» атты мерекелік шара жоғары деңгейде өтті. Шараға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов және басқа да аудандық басқарма басшылары, қоғамдық ұйым өкілдері мен тұрғындар қатысты. Мерекелік жиын қазыналы қарттар мен ақ жаулықты аналарды құрметтеу, олардың өмір жолын еске алу және жас ұрпаққа өнеге көрсету мақсатында ұйымдастырылды.
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов ардагерлерге Президенттің, аймақ басшысының құттықтауын жеткізіп, оларды мерекелерімен құттықтады. «Бүгінгі күн – еліміздің өркендеуі мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан, жүрегінде ел мен жерге деген адалдықтың оты ешқашан сөнбеген қазыналы қарттарымыздың мерейлі мерекесі. «Қариясы бар елдің қазынасы бар», – деп дана халқымыз айтқандай, абыз ақсақалдарымызды құрметтеу, асыл аналарымызды ардақтау – біздің қастерлі парызымыз», – деді аудан басшысы.
Ол атап өткендей, жыл сайын аймақ басшысының қолдауымен қазыналы қарияларды әлеуметтік қорғау мен медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Соңғы үш жылда жылына бір рет төленетін әлеуметтік көмектің көлемі Ұлы Отан соғысының ардагерлері үшін 1,5 млн. теңгеден 5 млн. теңгеге дейін ұлғайды. Оларға теңестірілген ардагерлер мен тыл ардагерлеріне арналған әлеуметтік көмек 90 мыңнан 196 мың теңгеге жеткен. Биылғы жылы аудан бойынша 260 ардагерге жалпы сомасы 56 млн. теңге көлемінде бір реттік әлеуметтік көмек көрсетілді. Сонымен қатар, жыл сайын 100-ден астам егде жастағы азаматтар шипажай қызметіне ұқсас арнайы әлеуметтік қызметтермен қамтылуда. Аудан әкімдігі әлеуметтік қолдау бағытындағы кешенді шараларды әрі қарай да жүйелі түрде жүргізетіндігін атап өтті.
Мерекелік шарада бүгінгі жас ұрпаққа үлгі көрсетіп, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, елдің берекесі мен бірлігін нығайтуға үлес қосқан ардагерлерге Қазалы ауданының, облыстық және аудандық ардагерлер кеңестерінің «Құрмет грамотасы», «Алғыс хаттары», сондай-ақ «Қызылорда облысының құрметті ардагері» төсбелгілері табысталды. Шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов пен бірқатар ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар ардагерлерге жылы лебіздерін білдіріп, жүрекжарды тілектерін айтты.
Қазыналы қариялардың мерейін үстем еткен мерекелік іс-шарада аудандық өнерпаздар ән-күйден шашу шашып, ардагерлерге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, аудан басшысының арнайы мерекелік сыйлықтары табысталып, шараның құрметті қонақтары ерекше көңіл күйге бөленді.
Шара соңында еңбек ардагері Дәуіт Сайын барша ардагерлерді мерекемен құттықтап, оларға ақ батасын берді. Мереке қарттар мен жас ұрпақ арасындағы сабақтастықты нығайтып, қазыналы қарияларға деген құрмет пен алғыстың көрінісі ретінде есте қалды. Барлық қатысушылар шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, қазыналы қарттарымызға құрмет көрсету мұндай мерекелік іс-шаралар арқылы тұрақты түрде жалғасуы қажет екенін атап өтті.





