Қазалыда жол салу қарқын алды: Мәжіліс депутаты құрылыс барысымен танысты

262

Ai-news.kz. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов Қазалы ауданындағы жұмыс сапарының екінші күнінде «Қазалы – Көларық – Бекарыстан би – Жаңақұрылыс» бағытындағы аудандық маңыздағы автомобиль жолының күрделі жөндеу жұмыстарын көзбен көріп, құрылыс барысымен танысты.

Жобаның жалпы құны — 835,7 миллион теңге, ал құрылыс мерзімі 7 ай болып белгіленген. Қазіргі таңда ұзындығы 6,5 шақырымды құрайтын жол учаскесінде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Жобалық жоспарға сәйкес, жол жамылғысы толықтай жаңартылып, қалыңдығы 18 см болатын үш қабатты асфальт-бетон төселуде. Атап айтқанда: 1-қабат — қара шебень негізі; 2-қабат — ірі түйіршікті асфальт; 3-қабат — майда түйіршікті асфальт.

Қазіргі таңда 4 шақырымдық бөлікте алғашқы екі қабаттың төселуі толық аяқталса, қалған 2,5 шақырымда жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде.

Депутат Мархабат Жайымбетов құрылыс нысанында мердігер мекеме — «Қазалы Жолшы» ЖШС өкілдерімен кездесіп, жұмыс сапасына баса назар аударды. Сонымен қатар, халық күтіп отырған инфрақұрылымдық жобаның уақытылы әрі сапалы орындалуы қажеттігін ерекше атап өтті.

«Жол — стратегиялық маңызы бар нысан. Оның сапасы – тұрғындардың күнделікті тіршілігіне, қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан әрбір сантиметрі талапқа сай жасалып, уақытында пайдалануға берілуі тиіс», – деді халық қалаулысы.

Аталған жол – бірнеше ауылды аудан орталығымен байланыстыратын маңызды көлік дәлізі. Жоба толық аяқталған соң, тұрғындардың қатынасы жеңілдеп, экономикалық белсенділік арта түспек. Бұл – елді мекендер арасындағы өзара байланысты нығайтатын, өмір сүру сапасын жақсартатын оң өзгерістердің бастауы.