Қазалыдан тарту: Қызылорданың 100 жылдығына орай ерекше өнер кеші өтті

266

Ai-news.kz. Қызылорда қаласының ел астанасы атанғанына 100 жыл толуына байланысты өңірде ауқымды мерекелік шаралар өтуде. Осы тарихи датаға орай ұйымдастырылған «Тарихтың таңбасы – рухтың ордасы – Қызылордам» атты облыстық өнер байқауы аясында Қазалы ауданының өнерпаздары өз өнерлерін көпшілікке ұсынды.

Бұған дейін Жаңақорған, Жалағаш және Шиелі аудандарының өнер ұжымдары қызылордалықтарға мәдени бағдарлама тарту етсе, бұл жолы сахна төріне Қазалы ауданының өнерпаздары шықты. Кештің ашылуында аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов сөз сөйлеп, өнерпаздарға сәттілік тіледі.

Қазалы – Роза Бағланова, Мәдина Ералиева, Кеңес Дүйсекеев сынды қазақ өнерінің жарық жұлдыздарын дүниеге әкелген қасиетті мекен. Осы дәстүрді жалғастырып келе жатқан қазіргі буын өнерпаздары көрермендерге әсерлі кеш сыйлап, Қазалының мәдени әлеуетін айшықтай түсті.

Шара барысында орталық алаңда қазалылық қолөнершілердің туындыларынан құралған көрме де ұйымдастырылды. Онда ұлттық нақышта жасалған бұйымдар мен Қазалыда өндірілетін қолөнер өнімдері көпшілік назарына ұсынылды.

Бұл кеш – рухани жаңғырумен үндескен, өнер мен тарих тоғысқан тағылымды шараға айналды.