Сыр өңірінде тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауда

579

Ai-news.kz. Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Сыр өңірінде санитарлық тазалықты сақтау, абаттандыру және тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. 

Бюджет қаражатымен қатар, кәсіпкерлердің демеушілігімен орталық алаңдар, саябақтар мен демалыс орындары, ойын және спорт алаңдары қайта жаңғыртылып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар заманауи үлгіде жөнделуде. 

Қазіргі таңда Қызылорда қаласындағы Президент және Денсаулық саябақтарының аумағы біртұтас кешен ретінде жаңғыртылуда. Аумағына халық сұранысына сай автокөлік тұрағы салынып, гүлзарлармен көмкеріледі. Көлемі 64,5 гектар болатын бұл кешенде жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдары, ашық сахна, спорттық алаңдар, балалар ойын аймақтары, демалыс орындары мен көлеңкелі павильондар салынуда. Бір сөзбен айтқанда қала тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптасады. 
Қалалық мәдениет және демалыс паркі қайта жаңғыртудан өтіп, жаңа келбетке ие болды. Мұнда жаңа арка орнатылып, «Сыр батырлары» ескерткіші Тағзым алаңына ауыстырылды. Қоршаулар мен жүргіншілер жолы жаңартылып, 544 түп ағаш пен қылқан жапырақты көшеттер отырғызылды. Бұдан бөлек, скейтпарк, воркаут алаңдары, балалар ойын аймақтары, фуд-корттар және ашық амфитеатр салынды.

Қала орталығындағы Қорқыт ата мемориалды аллеясын қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүруде. Жалпы аумағы 38 мың шаршы метрден асатын демалыс орнындағы жасыл желек алаңы ұлғайтылып, халықтың саялы орнына айналатын болады. Балаларға арналған ойын және спорт алаңдары заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліп, қауіпсіз әрі қолайлы етіп жасалуда. Бүгінде құрылыс және абаттандыру жұмыстарының 65 пайызы аяқталған.