Абаттандыру — көрікті келешек кепілі: Шиеліде жүйелі жұмыстар жалғасуда
Ai-news.kz. Шиелі ауданында тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында абаттандыру жұмыстары жоспарлы түрде жалғасын табуда. Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков аудан ардагерлерімен бірге Шиелі кентіндегі бірқатар көшелерді аралап, абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Бұл жолы аудан басшысы Ы.Жахаев және Дәулеткерей көшелерінде атқарылған жұмыстарды көзбен көріп, орындалу сапасына назар аударды.
Көшелерде тұрғындардың жайлы жүріп-тұруы үшін жаяу жүргіншілер жолдары салынған. Сонымен қатар, көгалдандыру, жарықтандыру және көшені қоршау жұмыстары жүргізілуде. Орнатылып жатқан заманауи үлгідегі қоршаулар мен жарық шамдары көшенің келбетін өзгертіп, заманауи талаптарға сай жаңаша сипат беруде. Аталған жұмыстар жалпы ауданның көркін келтіріп, тұрғындардың тұрмысына қолайлы жағдай жасауда айрықша маңызға ие.
Кездесу барысында ардагерлер қоғамда болып жатқан оң өзгерістерге оң көзқарас танытып, қазіргі таңда аудан көлемінде қолға алынып жатқан игі бастамаларға қолдау білдірді. Олар атқарылып жатқан абаттандыру жұмыстарының халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға қосар үлесі зор екенін атап өтіп, аудан басшысына алғысын жеткізді. Сонымен бірге, мұндай жұмыстардың одан әрі де жүйелі жүргізілуіне ниеттестік білдіріп, ақ батасын берді.
Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков өз сөзінде тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ ауданның сәулеттік келбетін жақсарту бағытындағы жұмыстардың бұдан әрі де жалғасатынын атап өтті. Ол алдағы уақытта да жаңа жобалар іске асырылып, аудан экономикасы мен әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталған кешенді шаралар жүзеге асатынын жеткізді.
Жергілікті тұрғындар да ауданның игілігіне бағытталған абаттандыру жұмыстарына оң бағасын беріп, алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табатынына сенім білдірді. Ауданның әрбір көшесі жаңарып, көркейе түсуі — елді мекеннің көркем болашағының айғағы екені сөзсіз.