Арнайы комиссия жұмысын бастады

272
Ai-news.kz.Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тұрғындардың жүріп-тұруына кедергі келтіретін, шаһардың көркін бұзатын заңсыз құрылыстарға қатысты нақты тапсырма берген болатын. Тапсырмаға сәйкес облыс аумағында  рұқсатсыз салынған құрылыс нысандарын анықтап, заң аясында тиісті шаралар қабылдау  үшін арнайы комиссия құрылып, жұмысын бастады.
Комиссия  жүргізген тексерістер кезінде  және белсенді тұрғындардың атсалысуымен сәулет талаптарын сақтамау, тротуарларды заңсыз қоршау, абаттандыру қағидаларын бұзу сияқты бірқатар заң бұзушылықтар анықталуда.
Атап айтқанда, Желтоқсан көшесі, №22 мекенжайындағы 17-18-пәтер тұрғын емес үй-жай ретінде тіркеліп, дүкен ашуға рұқсат алған. Алайда нысан иесі жобадан ауытқып, тротуарды заңсыз қоршап, мемлекеттік жерді иемденген. Бұл әрекетімен жаяу жүргіншілер жолын тарылтып, санитарлық талаптарды бұзған. Аталған нысанға аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес қала әкімі жауапты мамандармен барып, қоршауды алу жұмыстары жүргізілді. Меншік иесіне Заңға сәйкес құзырлы органдар тиісті шарасын көретін болады. 
Бұдан бұрын Абай даңғылы бойындағы экономикалық тергеу департаменті ғимаратын қоршау жұмыстары тоқтатылған болатын. 
 Комиссия заң бұзушылықты тіркеп, қолданыстағы талаптарға сәйкес тиісті шаралар қабылдады. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыс жүйелі жалғасып, рұқсатсыз және ретсіз құрылыс нысандарына  тосқауыл қойылады.
Айта кету керек, қазіргі таңда аймақта 442 құрылыс нысаны анықталып, оның 25-не қатысты 56 хаттама толтырылып, 11 млн. 610 мың теңге айыппұл салынды.