Халықты вакцинаға қарсы насихаттағандар енді заң алдында жауап береді
Ai-news.kz Елімізде 104 мыңнан астам балаға қызылшаға қарсы екпе салынбаған.
Екпеге қарсы үгіт-насихатты ешқандай медициналық білімсіз жүргізетіндерге осындай шара қолдануға мәжбүрміз деп отыр денсаулық сақтау министрлігі,деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап.
Себебі жыл сайын 7 мың ата-ата баласына вакцина салудан өз еркімен бас тартады. Оның салдары да көп күттірмей, бір кездері ұмыт болған кесел дендеп шығуда.
Дәрігерлер бірауыздан бұл кесел ағзаға батпандап кіргенімен, мысқылдап шығады деп отыр. Науқас аурудан құлан-таза айыққанымен, уақыт өте келе буыны сырқырап, адам өзін біраз уақытқа дейін әлсіз сезінуі мүмкін. Сондықтан денсаулық сақтау министрі қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақсыз екендігін ескеріп, тұрғылықты мекенжайында тегін екпе алуға болатынын ескертіп отыр.
Үнді елінен он жылдан бері тасымалданатын қызылшаға қарсы екпенің еш теріс әсері болмайтынына Ажар Ғиният осылай кепіл беріп отыр. Оған бірден бір мысал ретінде министр өз немересін екпе салдыртуға емханаға жетектеп алып келгенін айтты. Бес жасар бала алғашқы үш күнде өзін жақсы сезінген, тек төртінші тәулікте дене қызуы көтеріліп құсыпты. Ал әлеуметтік желіде жөн-жосықсыз қалың көпшілікке екпеге қарсы үгіт-насихат жүргізетіндер заң алдында жауап береді.
Сондықтан осындай кездерде әкімшілік және қылмыстық кодекс заңын қолдануға болады. Эпидахуалдың күрделеніп бара жатқанын өз пайдасына асырған жекеменшік емханалар да бар болып шықты. Мемлекет тарапынан тегін қойылатын екпені ақылы түрде салмақшы болған пысықайлар кездескен. Денсаулық сақтау министрлігі вакцинаға мүдделі барлық отандастарымызға екпе жетеді деп отыр. Тек оны салдыру-салдырмау әр адамның жеке құқығы.