Қызылорда облысында тұмауға қарсы 90 мыңға жуық адам екпе алды
Ai-news.kz. Қызылорда облысында тұмауға қарсы 90 мыңға жуық адам екпе алды.
Тұмау жыл сайын көптеген елдерде эпидемиялық сипатта таралатын жаһандық инфекция. Бұл аурудың эпидемиологиялық маусымы күз, қыс, көктем мезгілдерін қамтиды.
Бұдан бөлек, жедел респираторлы вирусты инфекцияның ауыр ағымындағы 1453 науқастан алынған сынамалар ПЦР әдісімен тексеріліп, нәтижесінде 194 сынамада тұмау емес вирустар анықталды.
Тұмау өзінің асқынуларымен қауіпті. Ең жиі кездесетін тұмау ауруының асқынуы – пневмония. Басқа да жиі кездесетін асқынулар - бронхит, синусит, отит, миозит, миокардит. Бұл ауру 2 жасқа дейінгі балалар, созылмалы ауруы бар науқастар және қарттар арасында ауыр ағымда өтеді. Сондықтан респираторлық аурулардың бірінші белгілері пайда болған кезде өзін-өзі емдеумен айналыспай, тез арада аймақтық дәрігерлерді үйге шақыртып, дер кезінде ем алу қажет.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ЖРВИ және тұмаудан сақтану үшін вакцина алуға, сонымен қатар иммунитетті көтеру үшін салауатты өмір салтын сақтануға, жеке бас гигиенасын орындауға кеңес береді. Сондай-ақ эпидмаусым кезінде көпшілік орындарда, нашар желдетілетін жерлерде бетперде киіп, арақашықтықты сақтау, қолды жиі сабындап жуып, антисептиктерді пайдалану да маңызды. Дәрумендерге бай тағамдарды пайдаланып, салауатты өмір салтын ұстану сіздің денсаулығыңызды нығайтуға өз әсерін тигізеді. Бұл сақтық шаралары тек тұмау мен ЖРВИ-дан ғана емес, өзге де инфекциялық ауруларды жұқтырып алу қаупін төмендетеді.