Ұлытау облысында алғаш рет жүрекке ашық ота жасалды
186
"Қазақмыс корпорациясы" ЖШС-ға тиесілі "Жезқазған медициналық орталығы" ЖШС-да Ұлытау облысы тарихында алғаш рет ашық жүрекке ота жасалды. Бұл маңызды оқиға өңірлік медицинаның дамуына серпін беріп, тұрғындарға еліміздің ірі қалаларына бармай-ақ жоғары технологиялық кардиохирургиялық көмек алуға мүмкіндік туғызды.
"Бұл қадамдардың барлығы өңірде кардиологиялық көмекті дамытуға бағытталған бағдарламаның бір бөлігі болып табылады. Бағдарлама Ұлытау өңірі тұрғындарының денсаулығы мен өмірін сақтауды басты мақсат ете отырып, аурудың алдын алу, ерте диагностикалау және жоғары технологиялық емшараларды қамтиды", – деп атап өтті "Өркендеу Ассистанс" ЖШС директоры Айгүл Боранбаева.
"Облыс үшін бұл медицина саласында жасалған үлкен қадам, себебі бұған дейін аортокоронарлық шунттау отасы қажет болған науқастардың барлығы Астана мен облыс орталықтарына баруға мәжбүр еді. Бұл қадам өңірімізде кардиохирургияны дамытуға және уақыт өте келе науқастарға толыққанды көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Біздің UMC-мен ынтымақтастығымыз жалғасады, Астана қаласындағы әріптестеріміз Жезқазғанға науқастарды емдеу және мамандарымызды оқыту үшін келуді жоспарлап отыр", – деді "Жезқазған медициналық орталығы" ЖШС директоры Дәурен Аманқұлов.
"Географиялық тұрғыдан Жезқазған мен Ұлытау облысы Қазақстанның жүрегінде орналасқан, тарихы және стратегиялық даму тұрғысынан да өте маңызды орынға ие. Қазір өңірде 220 мыңнан астам адам тұрады, сондықтан кардиология мен кардиохирургияны дамыту облыс үшін ауадай қажет. 25 жыл бұрын салынған "Жезқазған" медициналық орталығы барлық халықаралық медициналық стандарттар бойынша жұмыс істейді. Біздің жүрек орталығында басты назар науқасқа аударылады. Сондықтан науқас медицинаға емес, медицина науқасқа жақындауы керек. Жоғары білікті медициналық көмек адамға неғұрлым жақын болса – Қазақстан соғұрлым дамиды", – деді Юрий Пя.









