Шиелі аудан әкімі әлеуметтік нысандар мен жол құрылыстарының барысын тексерді

305

Ai-news.kz. Шиелі ауданы әкімі Айтбай Жандарбеков аудан орталығындағы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылыс жұмыстарымен танысты.

 

Алдымен аудан басшысы Яссауи және Есабыз көшелерінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің шатырларын жөндеу жұмыстарын тексерді. Тұрғындар әкіммен пікірлесіп, атқарылып жатқан істерге ризашылығын жеткізді. Бұл жобаларды «Ақбозат LTD» ЖШС жүзеге асыруда.

 

Келесі кезекте әкім Жайлыбаев және Жүргенов көшелеріндегі автомобиль жолдарының күрделі жөндеу жұмыстарына барды. Мұнда жаңа асфальт төселіп, аялдамалар, жаяу жүргіншілер жолдары және көше жарықтары орнатылуда. Жергілікті халықтың сұранысына сәйкес, алдағы уақытта Д.Смайылов көшесінде де осындай жұмыстар атқарылмақ.

 

Сонымен бірге аудандық аурухана алдындағы автотұрақ кеңейтіліп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалып жатыр. Бұл істі «Ақнұр-Авто» ЖШС жүргізуде.

 

Әкім әр нысанда сапаны басты назарға алуды, жұмыстарды уақытылы әрі тұрғындарға ыңғайлы деңгейде аяқтауды тапсырды.

 

Құрылыс – халық игілігі үшін

 

Шиелі ауданында соңғы жылдары әлеуметтік нысандарды жаңғырту мен инфрақұрылымды дамыту жүйелі жүргізіліп келеді. Жаңа жолдар, жарықтандырылған көшелер, тұрғын үйлер мен аурухана аумағындағы қолайлы жағдайлар – барлығы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған.

 

Аудан әкімінің айтуынша, негізгі мақсат – тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру.