Энергетикалық тәуелсіздікке қадам: Қызылордада жаңа ЖЭО салынуда

582

Ai-news.kz.  Облыста жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалардың құрылысы қатаң бақылауда тұр. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Парламент Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов және жауапты сала басшыларымен бірге 11 мың орындық жаңа стадионның құрылыс алаңында болып, жұмыс барысымен танысты.

Бұл спорт нысаны – өңірдің спорттық және мәдени өмірінде үлкен серпіліс әкелетін маңызды жоба. Стадион жанында 1000 орындық автотұрақ пен 40 орындық VIP автотұрақ қарастырылған. Батыс секторында спортшыларға арналған жаттығу алаңы, жуыну бөлмелері, киім ауыстыру, төрешілер мен жаттықтырушыларға арналған кабинеттер, емдік массаж бөлмелері, медпункт, допингтік бақылау бөлмесі, комментатор кабиналары және конференц-зал бар. Ал шығыс секторында ауыр атлетика, бокс, гимнастика, акробатика, күрес спорт түрлеріне арналған залдар, қыздырыну бөлмелері орналасқан.

Жанкүйерлер үшін санитарлық-тұрмыстық аймақтар, тамақтану орындары, демалыс аймақтары, кафетерийлер, сондай-ақ VIP-қонақтарға арналған арнайы кабинеттер қарастырылған. Стадион аумағында 4 автобусқа арналған тұрақ, жылу қазандығы, қоқыс алаңы, резервуарлар да бар. Футбол алаңы стандартқа сай газонмен жабдықталып, мұнда балалар мен жастарға арналған спорт секциялары жұмыс істемек. Жоспар бойынша стадион қыркүйек айында қолданысқа беріледі.

Сонымен қатар, облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірдегі электр және жылу энергиясының тапшылығын жоюға бағытталған жаңа жылу-электр орталығының құрылысымен де танысты. Түркияның «Акса энерджи» компаниясы жүзеге асырып жатқан бұл жобаның инвестициялық құны 137 млрд теңгеден асады. Нысан құрамында 2 газ турбиналық қондырғы, қуаттылығы 95 МВт бу турбинасы, 2 бу және 4 жылу қазандығы салынады. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 70 пайызы орындалған.

Сонымен бірге бюджет қаржысы есебінен 15 млрд теңгеге 45 шақырымдық газ құбыры тартылып, автоматтандырылған газ тарату станциясы салынды. Құрылыс алаңында 1200-ден астам жұмысшы еңбек етуде, олардың басым бөлігі – жергілікті тұрғындар. Сондай-ақ 130 арнайы техника жұмылдырылған. Жылу-электр орталығының алғашқы кезеңі биылғы жылдың 4-тоқсанында іске қосылады. Алдымен 1 газ турбиналық қондырғы мен 2 жылу қазандығы пайдалануға берілмек. 2026 жылы қалған қондырғылар толық қосылғаннан кейін орталық облыстың электр энергиясына деген сұранысын толығымен өтейді.

Бұл жоба аймақтың энергетикалық әлеуетін күшейтіп қана қоймай, өңірдің ұзақ мерзімді тұрақты дамуына жол ашады. Облыс әкімі құрылыс сапасына баса назар аударып, уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.